Біреулері өз еркімен майданға аттанса, енді біреулерін Ресей паспортын алғаннан кейін армияға алып кеткен, ал тағы біреулерін Ресейдегі түрмелер мен колонияларда соғысқа баруға көндірген.
Тәжікстандағы Бадахшан облысы Ишкошим ауданына 36 жастағы Садик Қамбаровтың денесін жеткізді. Ол Украинада Ресей армиясы сапында соғысып жүріп қаза болған. Қамбаров 18 шілдеде опат болған деп жазылған.
Соғыста қаза болған екінші бір азаматтың аты-жөнін Ишкошим ауданының билігі жарияламай отыр.
Шенеуніктер жергілікті тұрғындарға жат елде соғыспауға кеңес берген.
Тәжікстан азаматтарының дені жылда Ресейге жұмыс істеуге барады. Бірақ 2024 жылғы көктемде "Крокус Сити Холл" концерт залына жасалған шабуылдан кейін жергілікті билік пен тұрғындардың еңбек мигранттарына деген көзқарасы күрт суыды. Күш құрылымдары Орталық Азия елдерінен келгендерді мешіттерде, кафелерде, тіпті көшелерде жиі тексеретін болды.
Ұсталған мигранттарға қорғаныс министрлігімен келісім-шартқа отырып, Украинадағы соғысқа баруды ұсынады. Келіспегендерді Ресейден депортациялап, осы елге кіруге тыйым салады.
Кейбірі келісім-шартқа отырады. Осындай шешім қабылдағандардың бірі - Шухрат Нуруллоев. Ол Ресей армиясына 2024 жылғы көктемде түскен.
"Соңғы мәрте бауырым 19 наурызда Луганск облысы Лисичанск қаласынан хабарласты. Бір-екі аптадан кейін хабарласам деген. Бірақ содан бері хабарсыз кетті" дейді Шухраттың бауыры Хикмат Нұруллоев.
Шухраттың жағдайы қалай екенін, қазір ол қайда жүргенін туыстары біле алмай отыр. Ресей қорғаныс министрлігі Украинада соғыста қаза болғандар туралы мәлімет таратпайды, толық тізімді жарияламайды.
Тәжікстанда шетел әскеріне жалданып, әскери қимылдарға қатысқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан мен Қырғызстанда осы баппен бірнеше адам сотталса, әзірге ресми Душанбе жазаланған тәжікстандықтар туралы ешқандай хабар таратқан жоқ.