Ссылки доступа

Тәжікстанда маймыл шешегінен сақтану шаралары қолға алынды


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің көптеп таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Маймыл шешегінің ресми атауы — mpox.

Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, індеттен сақтану мақсатында төрт халықаралық әуежайда және шекара бекеттерінде бақылау күшейтілді. Дәрігерлер маймыл шешегі тіркелген елдерден Тәжікстанға келе жатқан әрбір азаматты тексереді.

Осының алдында министрлік Тәжікстанда маймыл шешегін анықтайтын материалдар мен құрал-жабдықтар, сонымен бірге індетке қарсы вакцина жоғын хабарлаған.

Әлемде алғаш рет маймыл шешегі 1958 жылы тіркелген. Вирус зертханадағы маймылдардан табылған, сол себепті оны Monkeypox Virus (маймыл шешегі вирусы) деп атаған. 1970 жылы аурудың адамға да жұғатыны анықталған. Конго Демократиялық Республикасының тұрғыны осы дертке шалдыққан.

Содан бері маймыл шешегі әлемнің көптеген елдерінде, көбіне Африкада таралды. 2022 жылы індет әлемнің 26 еліне жайылды. 2024 жылы маймыл шешегі тағы тарап жатқаны мәлім болды. Ауру Конго Демократиялық Республикасынан көршілес Руанда, Кения, Бурунди және Угандаға тарады. Қазір осы ауруды 18 мыңнан аса адам жұқтырып, шамамен 750 адам өлгені мәлім.

XS
SM
MD
LG