Ссылки доступа

Тәжікстанда "Крокус сити холдағы" терактіге байланысты 9 адам ұсталды


Тәжікстанда "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуылдағандарға қатысы бар деген күдікпен кем дегенде тоғыз адам ұсталды.

Бұл туралы Тәжікстанның арнайы қызметіндегі дереккөздерге сілтеген РИА «Новости», Reuters агенттіктері және "Азия-Плюс" сайты хабарлады.

Reuters мәліметінше, ұсталғандардың бәрі — Вахдат қаласының тұрғындары, оларды Душанбеге апарған дейді. "РИА Новости" ақпаратынша, олар ДАИШ ("Ислам мемлекеті" террористік ұйымы, Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) қатысы бар деген күдікке ілініп отыр.

25 наурызда Азаттықтың Тәжік қызметі айыпталушылардың бірі Саидакрам Рачабализоданың анасы, бауыры, әйелі мен екі ағасын Вахдаттан Душанбеге тергеуге апарғанын хабарлаған.

143 адам мерт болған терактіден кейін қамауға алынған жеті адам Тәжікстанда туған. Сегізіншісі — Қырғызстанның тумасы.

26 наурызда дереккөздерге сүйенген "РИА Новости" агенттігі "Крокус" ісі бойынша ұсталған күдіктілердің Душанбедегі туыстарын тергеп жатқанын жазған. Тергеу амалдарына Ресейдің күштік құрылымдары қатысып жатқаны хабарланды.

22 наурызда камуфляж киген бірнеше адам Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холл" концерт залында жұртқа оқ жаудырған. Кейін ғимаратта жарылыс болған, өрт шыққан. Кейінгі мәлімет бойынша, терактіден 144 адам қаза болған, 382 адам зардап шеккен. "База" телеграм-арнасы 95 адам із-түзсіз жоғалғанын жазды.

Ресейде теракт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Терактіні әзірлеу және оны орындау айыбы бойынша 8 адам қамалған.

XS
SM
MD
LG