Ссылки доступа

Тәжікстан соты журналист Абдулло Гурбатиді 7.5 жылға кесті  


Абдулло Гурбати
Абдулло Гурбати

Тәжікстан соты 26 жастағы журналист Абдулло Гурбатиді жеті жарым жылға түрме жазасына кесті.  

Оны билік өкілдерін жария түрде кемсітті, милиция қызметкерлеріне күш қолданды және экстремистік ұйымдармен байланысы бар деп айыптады деп хабарлайды Азаттықтың тәжік қызметі.

Абдулло Гурбати сот залында өзіне тағылған айыптардың бірін де мойындамайтынын, Тәжікстанда тыйым салынған Исламның қайта жаңғыруы партиясымен еш қатысы жоқ екенін жеткізді. Ол сот үкіміне қарсы шағымданатынын мәлімдеді.

Гурбатидің анасы Гулнора Шарифова сот үкімінің шыққанынан хабарсыз екенін, туыстарын мүлдем шақырмағанын айтады.

Абдулла Гурбатидің ісі бойынша алғашқы сот отырысы 21 қыркүйекте өтті. Душанбе қаласы Шахмансұр ауданы ішкі істер басқармасының үш қызметкері журналист Гурбатиге қарсы куәлік етті. Полиция қызметкерлері 15 маусымда полиция бөлімінде Гурбати оларға шабуылдап, балағаттады деген. Алайда Гурбати куәгерлер сөзін негізсіз деп атаған.

Абдулла Гурбати биыл 15 маусымда ұсталды. Оған "билік өкілін балағаттады", "билік өкіліне күш көрсетті", "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты" деген айыптар тағылған. Дереккөз мәліметінше, тергеу кезінде Абдулла Гурбати айыптаулардың бәрін жоққа шығарған.

Журналистер құқықтарын қорғаушы ұйымдар Абдулла Гурбати мен тағы алты тәжік журналист негізсіз ұсталғанын айтып, оларды тез арада босатуын талап етті. Билік бұл үндеулерге жауап қатқан жоқ.

Тәжік журналистері Далера Имомали мен Абдулло Гурбати ісі: оларды не үшін қамауға алды?

XS
SM
MD
LG