Әлеуметтік желілерде пікір жазған азаматтарды Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің жергілікті бөлімдеріне тергеуге шақыртады. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі хабарлады.
«Әлеуметтік желілерде түркімен билігінің саясатын сынаған немесе пікір қалдырған, Путин саясатын сынаған және Украинаны қолдаған азаматтарға полиция қызметкерлері барып, оларды ұлттық қауіпсіздік министрлігінің жергілікті бөлімдеріне әкетіп жатыр» дейді ішкі істер органдарының жұмысымен жақсы таныс дереккөз.
Балқан уәлаятында бірнеше тұрғын осындай жағдайға тап болған. Олардың айтуынша, азаматтардың телефондарын тарып алып, төрт сағат бойы тергеген.
«Түркіменбашы, Балқанабад қалаларында ұсталған азаматтардың көбі TikTok әлеуметтік желісіне тіркелген болып шықты. Олардың бірқатары жазбаларға лайк басқан» дейді тергеуге шақыртылған бір азаматтың туысы.
Бірінші мәрте ұсталған азаматтарға түсініктеме жаздыртқан, 200 манат айыппұл салған. Министрлік қызметкерлері екінші мәрте тәртіп бұзғандар қатаң жазаланатынын ескерткен.
«Сол күні министрлік бөліміне елуден аса адамды жеткізді. Қызметкерлер дөрекі сөйледі, боқтады, айқайлады» дейді Балқан өңірінің бір тұрғыны.
Түркіменстан билігі ұзақ жылдар бойы тәуелсіз басылымдар мен әлеуметтік желілерді бұғатта келеді. Елде мұндай сайттарға VPN бағдарламасының көмегімен ғана кіре еледі. Алайда түркімен билігі оны қолданғандарды да қудалап жатыр.
«Шекарасыз тілшілер» ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде Түркіменстан әлемнің 180 мемлекеті ішінде 175-орында тұр.