Ссылки доступа

Түркіменстанда әйелдердің сырт келбетіне қатысты талаптар тағы күшейді


Түркіменстанда Мары уәлаятында жергілікті билік мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда істейтін әйел жұмысшыларға «қарапайым киінуге» кеңес берді.

Шенеуніктер мұндай ережені бұзған әйелдер жұмыстан шығарылатынын ескерткен.

«Әйелдерге тырнақ ұзартуға, жалған кіргіп жапсыруға, шашты жарқын түстерге боюға, ашық әрі тар киім киюға тағы тыйым салып жатыр. Бұған қоса, әйелдерге жұмысқа алқа, жүзік секілді әшекейлер тағып келуге рұқсат жоқ. Бұл туралы әйелдерге өткен айда басталған жиналыстарда ескертілген» дейді Азаттықтың Түркімен қызметінің Мары уәлаятындағы тілшісі.

Билік өкілдері жалған кірпік жапсырып, тырнақ ұзартқандарды жиналысқа шығарып, оларды көпшілік алдында сөгеді.

«Әйелдерге табиғи сұлулығынан айрылып, бұзылған әйелге ұқсап кетті деп ұрсады. Шенеуніктер тәртіпті бұзғандар жұмыстан шығарылатынын ашық айтып отыр» дейді осындай жиналыстардың біріне қатысқан мектеп мұғалімі.

Жұмысшылар биліктің кезекті шектеу шараларына наразы. Бірақ елде жұмыс жоқ уақытта табыстан айрылып қалғысы келмейді, сол себепті ренішін ашық айта алмайды.

«Мемлекеттік телеарна үшін репортаж дайындаған уақытта сұлу әйелдерді жинап алады. Ал енді бізді бұзылғандар деп масқаралап отыр. Бұны қалай түсінуге болады? Адамның бұзылған-бұзылмағаны оның көйлегі мен тырнағына қатысты болмаса керек» дейді Марыда тұратын бір медбике.

Еске салайық, түркімен әйелдерінің сыртқы келбетіне қатысты тыйымдар 2022 жылғы сәуірде билікке Сердар Бердімұхамедов келгелі салына бастаған.

XS
SM
MD
LG