Ссылки доступа

Ереванда оппозиция автошеруіне қатысқан 90-нан астам адам ұсталды


Армения астанасында оппозиция автошеруіне қатысқан 91 адам ұсталды. Бұл туралы Азаттық радиосының Армян қызметі хабарлады.

Ереванда оппозиция сәуір айының ортасынан бері республика премьер-министрі Никол Пашинянның биліктен кетуін талап етіп келеді. Оппозицияның пікірінше, армян үкіметі Таулы Қарабақ мәселесінде Әзербайжанға жол беруді көздеген.

"Интерфакс" мәліметінше, автошеру қаланың төрт ауданында басталып, өте баяу қозғалған колонналар орталықта кездесуі керек болған. Алайда полиция автоколонна қозғалатын жолдарын бәрін жауып, оған қатысқандарды ұстады.

Полицияның мәлімдеуінше, мұндай автошеру жол ережелерін бұзып қана қоймай, қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Атвошеруге қатысқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Армения мен Әзербайжан 1980-жылдардан бері Таулы Қарабақ үшін таласып келеді. Негізінен этникалық армяндар қоныстанған Таулы Қарабақ автономиялы облысы Әзербайжан ССР-і құрамынан шығатынын мәлімдеп, Армения қолдауына ие аймақ 1991 жылғы қыркүйекте "Таулы Қарабақ республикасы" құрылғанын жариялады.

1988-1994 жылдар аралығындағы қарулы қақтығыстардан жікшіл аймақта 30 мың адам қаза болды. Таулы Қарабақ пен Әзербайжанның соған шектес бірнеше ауданы Армения қарулы күштерінің бақылауына өтті. Соның салдарынан жүздеген этникалық әзербайжан босып кетті.

2020 жылғы қыркүйектің аяғында Әзербайжан Таулы Қарабақ төңірегіндегі аудандарға бақылау орнатты. Көне Шуша қаласын әзербайжан күштері алған күні ертесіне Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Ресей президенті Владимир Путин Таулы Қарабақта атысты доғару жөніндегі мәлімдемеге қол қойды.

Келісім шарттарына сәйкес, Армения мен Әзербайжан құжат қабылданған уақытта әскері орналасқан аймақтарда қалады. Көрші елдердің аймақтары түйіскен жерде Ресейдің бітімгершілік миссиясы орналасады.

XS
SM
MD
LG