Ссылки доступа

Тәжікстан билігі әскери бюджетті 92 млн долларға арттырады


Душанбедегі әскери шеру.
Душанбедегі әскери шеру.

Тәжікстан билігі 2025 жылға арналған мемлекеттік бюджетте қорғаныс, құқық қорғау органдары, соттар мен тәртіп органдарына 4,7 млрд сомони (446 млн доллар) бөлуді көздеп отыр.

Бюджет жобасы бекітілсе, онда қорғаныс саласына бөлінетін қаражат 2024 жылмен салыстырғанда 972,4 млн сомониге (92 млн доллар) артық болады.

Қаржы министрлігінің құжатында армия мен құқық қорғау органдарының шығыны ішкі жалпы өнімнің 2,8 пайызы болатыны айтылған.

2024 жылы Тәжікстанның мұндай шығыны 3,7 млрд сомони (354 млн доллар) немесе ішкі жалпы өнімнің 2,6 пайызы болған.

Мәліметтерге қарағанда, бөлінген қаражаттың бір бөлігі өз мақсатына жұмсала бермейді.

Биыл тамызда сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі Қорғаныс министрлігі құрылымдарында 120 млн сомони желінгенін анықтаған. 52 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері әскери бюджетін ұлғайта бастады.

Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының (SIPRI) биыл тамызда жариялаған мәліметіне қарағнада, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан 2023 жылы әскери салаға 1,8 млрд доллар аударған. Өзбектсан мен Түркіменстан қорғанысқа қатысты шығындарын жарияламаған.

XS
SM
MD
LG