Суданда бір аптадан бері ішкі қарулы жанжал болып жатыр. Тұрақты армия мен "Шұғыл қолдау күштері" қарулы тобы қақтығысып қалды. Жанжалдасушы тараптардың қайсы ұлттық медициналық зертхананы басып алғаны әзірге белгісіз, деп жазды BBC. ДДСҰ сейсенбі күні қызметкерлер зертханаға кіре алмай қалғанын хабарлады.
Ұйым мәліметінше, жарық сөніп қалуына байланысты ғылыми нысандағы материалдар бүлінуі мүмкін. Электр қуатының жоқтығынан зертханадағы қан қоры бұзылады.
Хартумдағы зертхана армия қолбасшылығы штабына жақын орналасқан. Кескілескен ұрыстар дәл осы жерде болып жатыр.
25 сәуірге қараған түні АҚШ бастамасымен үш күндік тыныштық жарияланғанына қарамастан, сейсенбі күні ұрыс қайта жалғасты. DPA агенттігінің хабарлауынша, елдегі екінші ірі қала Омдурманда ұрыс жүріп жатыр. Қалалық аурухана бүлінген.
БҰҰ мәліметінше, Судандағы қақтығыстардан кем дегенде 460 адам қаза болып, 4 мыңға жуық адам жараланды.
Шетел азаматтары, солардың ішінде дипломатиялық миссия қызметкерлері Суданнан кетіп жатыр. Франция, Нидерланд, Италия, Ұлыбритания, Құрама Штаттар осы елдегі азаматтарын әкете бастады.