Бангладеште жаппай наразылықтан кейін құрылған уақытша үкіметті Нобель сыйлығының лауреаты Мұхаммад Жүніс басқарады. Ол елге Франциядан оралды. Осының алдында 2009 жылдан бері премьер-министр қызметін атқарып келген Шейх Хасина биліктен кетіп, елден қашқан.
Мұхаммад Жүністі осы қызметке тағайындау жөніндегі шешім президентпен кездесуде қабылданды. Наразы студенттер осыны талап еткен.
Бангладеште жаппай наразылық маусымның аяғында басталған. Сол кезде билік мемлекеттік қызметтердің 30 пайызына 1971 жылы Бангладеш тәуелсіздігі үшін күрескен ардагерлердің туыстары орналасатыны туралы жүйені қалпына келтірген.
Студенттер наразылығы үкіметке қарсы акцияға ұласып, қақтығыстар барысында кем дегенде 400 адам қаза болды.
5 тамызда 76 жастағы Шейх Хасина қызметтен кетіп, сіңлісімен бірге елден қашты. Содан кейін армия қолбасшысы генерал Вакер-Уз-Заман уақытша үкімет құрылғанын жариялады. Ертесіне президент Шахабуддин Чуппу парламентті таратты.
Мұхаммад Жүніс 2006 жылы Бангладеште шағын несие жүйесін дамытқаны үшін Нобель сыйлығын алған. Ол құрған Grameen Bank өсімдік пайызы аз шағын несие бере бастаған. Оны «кедейлердің банкирі» деп те атайды.
Мұхаммад Жүніс 8 тамызда кешке президент сарайында ант қабылдады. Ол «Конституцияны қорғауға, жаңа қызметін атқаруға» уәде беріп, азаматтарды зорлықты тоқтатуға шақырды.