Бұның алдында Ақ үй Ресейдің Ираннан "жүздеген" әскери дрон алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Мәскеу бұл мәліметті жоққа шығарған.
Washington Post мәліметінше, Иран дрондарының алғашқы партиясы Мәскеуге әуе рейстерімен 19 тамызда жеткізілді. Мәліметтерге қарағанда, Иран Ресейге қашықтан басқарылатын әскери аппараттардың екі түрін береді. Mohajer-6 мен Shahed артиллерия жүйесіне, радарларға және басқа да әскери нысандарға шабуылдай алады.
Америкалық газет мәліметінше, әскери дрондарды сынаған ресейлік мамандар көптеген техникалық ақау анықтаған. "Орыстардың көңілінен шықпады", - дейді WP дереккөзі. Дегенмен Мәскеу Ираннан жүздеген әскери ұшу аппаратын сатып алуды көздеп отыр, деп есептейді АҚШ билігі.
Шетелге сирек шығып жүрген Ресей президенті Владимир Путин биыл шілдеде Тегеранға барды. Сол кезде әскери ұшу аппараттарын сатып алу туралы келісім болған-болмағаны хабарланбады.