Ссылки доступа

Перуде наразылық акциясы кезінде бір күнде 17 адам қайтыс болды 


Перудегі наразылық 

Перуде 9 қаңтарда үкіметке қарсы наразылық акциясы кезінде 17 адам қайтыс болып, тағы 68-і жарақат алды. Бұл туралы елдің оңтүстігіндегі Пуно аймағының денсаулық сақтау департаменті хабарлады. 

Бұл былтыр желтоқсанда президент Педро Кастильоға импичмент жариялағаннан кейін басталған наразылық акцияларындағы ең қанды күн болып қалды. Басқарма мәліметіне қарағанда, қаза тапқандардың арасында екі жасөспірім бар.

Департамент сонымен бірге жарақат алған 28 полиция қызметкерін Хульяки әуежайынан эвакуациялауға мүмкін болмай жатқанын хабарлады. Перу билігі мәліметіне қарағанда, мыңдаған демонстранттар полиция бөлімін және әуежайды басып алуға әрекет еткен.

Наразылық акциялары басталғаннан бері Перуда кем дегенде 39 адам қаза болды. Акцияға шыққандар жаңа президент Дина Болуартенің отставкасын, парламентті тарату, Конституцияны өзгертуді және мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етіп жатыр. Бұдан бөлек олар қамауда отырған Кастильоны босатуды талап етіп жатыр.

Болуарте сайлауды 2024 жылдың сәуірінде өткізуді ұсынған.

Перудың бұрынғы вице-президенті Дина Болуарте Перу конгрессі Кастильоға импичмент жариялағаннан кейін 7 желтоқсанда президенттікке кіріскен. Кастильо Конгрессті таратуға әрекет еткенде, депутаттар оны отставкаға жіберген.

Педро Кастильо 2021 жылдың маусым айында 51,2% дауыспен Перудің президенті болып сайланды. Конгресс оған импичмент жариялауға екі рет әрекет жасап, үшіншісінде жүзеге асқан.

Дина Болуарте Перу тарихындағы алғашқы әйел президент.

XS
SM
MD
LG