Ссылки доступа

Зеленский НАТО-ға Ресейге "ескерту соққысын" жасауға кеңес берді


Президент Украины Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей жағы ядролық қару қолданбас үшін оған ескерту соққыларын жасауды НАТО-дан сұрады. Австралиялық Лоуи институтының форумына видеобайланыс форматымен қатысқан украин басшысы осылай деп мәлімдеді.

Зеленский бұл ұсынысының Ресейге қарсы қару қолдану дегенді білдіретін-білдірмейтінін түсіндірмеді. "НАТО не істеуі керек? Ресейді ядролық қару қолдану мүмкіндігінен айыруы керек. 24 ақпанға дейін де айтқанмын, халықаралық қауымдастықтан тағы сұраймын: қарудың мұндай түрін қолданған жағдайда не болатынын оларға түсіндіру үшін ескерту соққыларын жасау керек. Ресейдің ядролық соққы жасауын күтіп отырудың қажеті жоқ. "Енді осыған көштің бе? Олай болса, біздің жауабымыз мынадай!" деп отырмас үшін. Қысым көрсету тәртібін қайта қарау қажет", - деп мәлімдеді Украина президенті.

Зеленский мәлімдемесіне Ресей атынан президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жауап берді. Ол Зеленский мәлімдемесін "дүниежүзілік соғыс бастауға үндеу" деп сипаттап, украин президентінің осы айтқандарына бүкіл әлем, әсіресе АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ назар аударуы тиіс деп мәлімдеді. Ресей Қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Дмитрий Медведев Зеленскийді Ресейге ядролық соққы жасауға үндеді деп айыптады.

Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров президент Ресейге әскери соққы жасау туралы айтпады деп түсіндірді. Никифоровтың айтуынша, Зеленский Ресейге қарсы санкция енгізу туралы ұсынысын тағы қайталады, ұндай ұсынысты ол 24 ақпанға дейін де жасаған. Украин президентінің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, ядролық соққымен Украина емес, Ресей қорқытып отыр.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері президент Владимир Путин ядролық қару қолдануы мүмкін екенін бірнеше мәрте қайталаған.

АҚШ президенті Джо Байден БҰҰ Бас ассамблеясында Ресей президенті Владимир Путинді "Еуропаға ядролық қоқан-лоққы жасап отыр" деп айыптады. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанның мәлімдеуінше, Ресей Украинаға қарсы ядролық қару қолданар болса, "апат салдарынан астында" Мәскеудің өзі қалады.

XS
SM
MD
LG