Ссылки доступа

Зеленский: Ресей армиясы Донбассқа үлкен шабуылын бастады 


Ресей әскері Донбассқа шабуылды бастады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

"Украинаға тиесілі ешнәрсені бермейміз, ал біреудікі бізге керек емес" деді ол видео үндеуінде.

Ресей әскерінің бұл шабуылы жөнінде оның алдында ғана Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов хабарлаған. Украина билігінің дерегінше, Ресей Донецк пен Луганск облыстарын православие пасхасына дейін жаулап алуды көздеп отыр дейді ол. Биыл православие пасхасы 24 сәуірде өтеді.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак соғыстың "екінші кезеңі" басталды деп мәлімдеді.

Ресей күштерінің қоршауындағы Мариуполь қаласында "Азовсталь" металлургия зауыты аумағына бекінген украиналық "Азов" полкі басшысы Денис Прокопенко 18 сәуірде әлем лидерлеріне үндеу жасап, кәсіпорынды паналаған жүздеген бейбіт адамды құтқаруға жәрдем сұрады.

Прокопенконың сөзінше, "Азовсталь" аумағын бейбіт тұрғындар паналағанын Ресей әскері біледі, бірақ соған қарамастан олар зауытты атқылауын доғармай отыр. Прокопенко әлем лидерлерін "Азовсталь" аумағынан бейбіт тұрғындарды, жаралы сарбаздар мен қаза тапқандарды алып шығу үшін "жасыл дәліз" ұйымдастыруға үндеді.

Ресей әскерінің Мариуполь қаласын қоршауда ұстап тұрғанына бір жарым айдан асты. Украина жағының дерегінше, су мен жарық жоқ, тамақ, дәрі-дәрмек қат қалада қазір 100 мыңға жуық қатардағы азаматтар қалған. Мариупольде қирап-бүлінбеген ғимарат қалмаған.

Ресей бейбіт тұрғындарға тиіспей, тек әскери нысандарға соққы беріп жатырмыз дейді. Ресей әскери министрлігі "украин күштері бейбіт адамдарды тірі қалқан қылып отыр" деп бірнеше рет мәлімдеген.

Украина мұндай айыптауды теріске шығарған.

XS
SM
MD
LG