Ссылки доступа

Зеленский: Одессаға жасалған шабуылдан Қытайға арналған 60 мың тонна астық жойылды


Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресейдің 19 шілдеге қараған түні Одессадағы портқа жасалған шабуылдан Қытайға жөнелтілуі тиіс 60 мың тонна астық жойылды.

"Бүгін шабуылға ұшыраған порттарда миллионға жуық тонна азық-түлік сақталған. Ол Африка, Азия елдеріне баяғыда жеткізілуі керек еді. Ресей террорынан зардап шеккен терминалда Қытайға жөнелтіледі деп жоспарланған 60 мың тонна астық сақталған еді" дейді украин президент кешкілік үндеуінде.

Оның айтуынша, Одессаға 19 шілдеде түнде жасалған шабуылды "соғыс жүріп жатқан уақыттан бері Ресейдің осы қалаға жасаған ірі соққысы" деп сипаттады.

Ресей әскері үшінші түн қатарынан Одесса порттарын зымыранмен атқылап жатыр. 20 шілдеге қараған түні қоймаларға зымыран түсті.

Одессаға шабуылдың жиілеуін көпшілік Мәскеудің "астық келісімінен" шығуымен байланыстырады. Бұл келісім Украина, Ресей, Түркия және БҰҰ арасында жасалған. Украин астығын Қара теңіз порттары арқылы әлемге шығаруды көздейтін құжат 2022 жылғы 22 шілдеде қабылданған. 17 шілдеде келісім мерзімі аяқталып, Ресей одан шығатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG