Ссылки доступа

"Досье": Путин арнаулы берен пойызбен жүре бастаған


"Ресей президенті Владимир Путин ұшақтан гөрі пойызбен көбірек жүреді. Арнаулы берен пойыз пайдаланады" дейді "Досье" зерттеу орталығы.

Зерттеуге қарағанда, арнаулы пойыз 2015 жылы жасалған, алайда Путин оны 2021 жылдың екінші жартысынан, яғни Ресей әскері Украинаға кірер алдындағы дайындық кезеңінен кейін көбірек пайдалана бастаған. "Досье" Ресей президенті әкімшілігіне жақын адамның сөзіне сүйенген.

"Пойыз қашан, қай уақытта шығатыны айтылмайды. Соғыс басталған соң ақпан-наурыз айларында Путин берен пойызды әсіресе Валдайдағы резиденциясына жету үшін жиі пайдаланған" деп жазады "Досье".

Пойыздың да, пойызда отырған Путиннің де фотосы ешқашан жарияланған емес. Мемлекет басшысының арнаулы пойызы сырт қарағанда өзге пойыздардан еш айырмасы жоқтай көрінгенімен, аздап ерекшеліктері де бар. "Досье" зерттеуінде Путин пайдалануы мүмкін дейтін пойыздың суреті тұр. Вагонға "Гранд Сервис Экспресс" компаниясының эмблемасы жапсырылған. Бұл фирмаға Путиннің досы Юрий Ковальчуктің қатысы бар деп есептеледі.

"Пойыздың Путин мінетін вагоны беренмен қапталған, ал пойыз "барынша тез әрі тоқтамай жүруі үшін оның кестесі Путинге ыңғайланып жасалған". Берен пойызда президентке арналған жатын орын мен жиналыс өткізетін жұмыс кабинеті және күзетпен, арнаулы байланыспен жабдықталған вагондар бар" дейді зерттеу авторлары. Оны кәдімгі пойыздан арнаулы байланыстың антенналары ғана ерекшелеп тұрады және пойызды бір емес, үш локомотив сүйрейді.

Дүйсенбіде Sota басылымы Мәскеудегі арнаулы вокзал туралы мәлімет тапқанын хабарлады. Оны Украинада соғыс басталмай тұрып "РемСтройСервис" компаниясы жөндеген. "Ресей темір жолы" компаниясына қарайтын индустриялық аймақтағы ғимарат 2010 жылдардан бері қаңырап бос тұрған. "РемСтройСервис" жариялаған көптеген фотосуреттен ғимарат жақсылап жөнделгені байқалады. Өзінің қабылдау бөлмесі, "VIP-бөлмесі", жиын бөлмесі мен күзет қызметінің орны бар.

Sota арнаулы вокзал президент пен үкімет пойыздарының өзге де жолаушыларына қызмет көрсетуге пайдаланылуы мүмкін деген болжам жасаған.

XS
SM
MD
LG