Енді іс-шараларда шенеуніктерге ыңғайсыз сұрақ қойған тілші "тәртіп бұзғаны үшін" аккредитациядан айрылуы мүмкін.
Қазақстанда журналистерге аккредитация берудің жаңа ережелері бұған дейін де баспасөз бен медиазаңгерлердің наразылығын туғызған. Себебі мемлекеттік органның нақты бір іс-шарасына шақыртылмаған БАҚ-қа ол туралы мәлімет таратуға тыйым салынады, ал журналистерге әріптестеріне фото мен видео беруге болмайды.
Бұған қоса, жаңа ережелер тілшілердің шенеуніктерге сұрақ қоюын шектейді. Мәселен, ішкі істер министрі есірткімен күрес тақырыбындағы брифинг өткізсе, журналистерге ол басқаратын мекемедегі жемқорлық немесе басқа да даулы тақырыптар туралы сұрақ қоюға болмайды. Журналист "тәртіп бұзғаны үшін" аккредитациядан айрылуы мүмкін.
"Ережелелерде журналистер құқығы жоқ, бірыңғай шектеуді көріп тұрмын. Ережені бұзғаның үшін аккредитациядан айрыласың. Бір брифингке барып, одан соң Азаттыққа емес, басқа бір басылымға материал дайындасаң да тәртіп бұзған болып шығасың" дейді Media Qoldau заң қызметінің басшысы Гүлмира Біржанова.
Журналистер құқығын шектеп, бүкіл редакцияның жұмысын қиындататын ережелер қазірдің өзінде қолға алынып жатыр. Бұған кеше үкімет отырысына келген БАҚ өкілдерінің көзі жетті. Тілшілерге, фотографтар мен операторларға үкімет жиналысы өтіп жатқан қабатқа көтерілуге тыйым салынды. Енді журналистер шенеуніктерді көрмейтін болды. Жоғары қабатқа көтерілуге де мүмкіндік жоқ. Себебі полиция қызметкері күзетіп тұр.
Журналистер жұмысын үкімет қана шектеп жатқан жоқ. Алдағы дүйсенбіде парламенттің қос палатасының бірлескен отырысы өтеді. Баспасөз қызметі журналистерді жиналыс басқа бір залда өтетінін ескертіп қойды. Оған да тілшілерді кіргізбеуі мүмкін.
Медиасарапшылар кейінгі жылдары Қазақстанда баспасөз құқығы әлдеқайда шектелгенін айтып отыр. Мұндай теріс үдеріс 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін күшейе түскен.