Ссылки доступа

Өзбекстан: оқушыларға мешітке баруға тыйым салынады


Өзбекстан билігі оқушыларға жазғы демалыс кезінде мешіттерге баруға тыйым салады. Мамыр айының басында Әндіжан облысындағы оқушылардың ата-аналары білім министрлігінің жергілікті бөлімшелерінен жазғы демалыс кезінде оқушыларға тыйым салынатын істер жөнінде "кепіл хат" алған.

Бұл құжаттың көшірмесін Азаттықтың өзбек қызметі жариялады. Хатта ата-аналар балаларының тәртіпті болуын, діни ағымдарға ілесіп кетпеуін, мешіттерге барып құлшылық етпеуін қадағалауы тиіс делінген (соңғы екі ескертпенің асты сызып белгіленген).

Мектеп оқушыларына сонымен бірге қайыр тілеуге, бензин сатуға, базарда жұмыс істеуге және автокөліктерді жуып ақша табуға тыйым салынады.

Білім министрлігінің хатына қол қойған ата-аналардың балалары кешкі сағат 18:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз үйлерінен шығып интернет, ойын клубтарына бара алмайды.

Олай болмаған жағдайда ата-аналар заңға сәйкес жазаланады делінген. Бұл хат мешіт қызметкерлеріне де жіберілген. Мәселен, Әндіжан облысының мешіттерінде "Балаларға кіруге тыйым салынады" деген жазулар ілініп қойған.

XS
SM
MD
LG