Ссылки доступа

Әскери лицейден қашқан курсанттар оқу мекемесіне қайтып келді


Бішкекте Дайыр Асанов атындағы Қырғыз ұлттық Әскери лицейінің 70 шақты курсанты 9 тамыз күні кешке қашып кеткен. Ақпаратты Азаттық радиосына курсанттардың бірінің ата-анасы растады.

Әскери лицей өкілдері курсанттардың ата-аналарына хабарласып, оларды оқу мекемесіне алып келуін сұраған. Бірақ оқушылар үйлеріне қайтпаған болып шықты. "Кейін курсанттардың өздері хабарласып, лицейге оралатындарын айтқан", - деді олар.

Сол күні курсанттар, ата-аналар және лицей басшылары жиналыс өткізді. Оқушылар лицейден қашу себебін өздеріне қатаң қарайтын офицерлердің біріне жасалған наразылық әрекеті деп түсіндіріп, оны жұмыстан шығаруды талап еткен.

Республика Қарулы күштерінің Бас штабы қашу фактісін жоққа шығарды. Бұл жағдайды штабтағылар оқушылардың Қырғызстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне өткізілетін шеру қарсаңында демалысқа жіберілуімен түсіндірді. Бірақ олардың көбі лицейге кеш оралған.

"Бұлай болмауы керек. Командир үш бөлімшені бірге демалысқа жіберді, бірақ оларды кезек-кезек босатуы керек болған. Қазір курсанттардың барлығы лицейде. Қызметтік тексеру басталды", - деді Бас штабтың баспасөз қызметі.

XS
SM
MD
LG