Ссылки доступа

Кербез өзбек әншісі Шешенстан басшысымен кездесуге хиджаб киіп келді


Танымал әнші Наргиз Закирова өзінің Facebook’тегі парақшасында Рамзан Қадыровтың үйіне қонаққа барғаны туралы жазып, Шешенстан Республикасының басшысымен бірге түскен суретін жариялады.

Суретке түсіндірме жазған әнші қонақжайлығы үшін Шешестан басшысына алғыс айтып, қаладағы қасиетті орындарды аралағанын мақтан тұтатынын жасырмады.

"Халыққа жасаған және жасап жатқан жақсылықтарыңыз үшін басымды иемін. Рахмет саған, Шешенстан! Грозныйға алғысым шексіз! Қадірлі достарым, мен сіздерді шын жүрегіммен жақсы көремін, сіздерді Алла қолдасын", - деп жазды ол. Наргиз Закированың қашан және қандай мақсатпен Шешенстанға барғаны әзірге белгісіз.

Наргиз Закирова Ташкентте туып өсті. Ол 1995 жылы АҚШ-қа көшті. Әнші 2014 жылы ресейлік "Голос" ән байқауы арқылы көпшілікке танымал болды.

Айта кетейік, Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров отандық және шетел жұлдыздарын елге жиі шақырып, оларға сый-сияпатын аямайды. Шешенстанға барған жұлдыздар - Майк Тайсон, Ванесса Мэй, Жан-Клод ван Дамм, Дима Билан және Филипп Киркоров бар.

XS
SM
MD
LG