Ссылки доступа

Түркіменстанда әйелдерге темекіні анықтамамен сатады


Түркіменстанның батысындағы Түркіменбашы қаласында әйелдерге темекі сатып алу үшін шылымға әуестігі туралы медициналық анықтама көрсету керек. Елдің басқа да облыстары мен астанада әйелдерге темекі мүлде сатылмайды.

Түркіменбашыдағы мемлекеттік дүкендердің талабы бойынша, темекі сатып алғысы келетін әйелдер биыл қаңтардан бастап жергілікті наркологиялық клиникадан шылымға әуестігі туралы есепте тұрғанын айғақтайтын анықтама көрсетуі керек. Хабарларға қарағанда, наркологиялық диспансер алдына күнде 300-350 әйел кезекке тұрады. Олар анықтама алу үшін мекеме ғимаратына түнде келіп кезекке тіркелуге мәжбүр.

Түркіменстан билігі әйелдерге темеке сатуға шектеу енгізген. 2016 жылы елде темеке бірнеше мәрте сатылмай қалды. Дүкендерге темекі түскен уақытта, сауда нүктелері алдында ұзыннан-ұзақ кезек пайда болады.

Ашхабадта темекі шегетін әйелдер темекі алу үшін қосымша ақшаға адам жалдайды. Мемлекеттік дүкендерде темекі құны - 19 манат. Бірақ астананың өзінде темекі барлық жерде сатыла бермейді.

Түркіменстанда темекі саудасы мемлекеттің бақылауында. Темекі тауарлары тек қана мемлекеттік дүкендерде сатылады. "Қара базарда" темекі жасырын түрде сатылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Түркіменстан әлемде темекі шегуден ең соңғы орында тұр. Мұнда халықтың 8 пайызы ғана темекі шегеді.

XS
SM
MD
LG