Ссылки доступа

Қырғызстан президенттік сайлау өтетін күнді анықтай алмай жатыр


Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлау қарашада өтуі тиіс деген анықтама берді. Бірақ оппозициялық "Ата Мекен" фракциясы президенттік сайлауды биыл тамыз айында ұйымдастыруын сұрап отыр. Социалистер болса сайлаудың қарашада өтуі - заңға қайшы деп мәлімдеді.

"Ата Мекен" фракциясы Жогорку Кенештен президенттік сайлауды биыл 27 тамызда өткізуін сұрады. Фракция жетекшісінің міндетін атқарушы Алмамбет Шыкмаматовтың айтуынша, Конституция бойынша президент уәкілеті 1 желтоқсанда аяқталады. Сайлау қарашада өтетін болса, мемлекет басшысын ауыстыру процесі созылып кетеді, ал заңда көрсетілген мерзім сақталмайды, дейді фракция жетекшісі.

"Жаңа президент қызметіне 1 желтоқсанда кіріседі. Сол үшін сайлауды ертерек өткізу керек. Сайлаудан соң ОСК үш күннің ішінде оның нәтижесін шығарады. Жиырма күнде комиссия барлық аймақтардан түскен хаттамаларды санап, қорытынды шығарады. 19 қарашадағы президенттік сайлау өтті деп танылса, онда қазіргі президент бұл қызметте тағы 41 күн отырады. Екінші тур өтетін болса, онда президент уәкілеті 82 күнге ұзарады. Заң бойынша, президент мерзімін ешкім бір сағатқа да соза алмайды".

"Конституциялық заңға сәйкес, кезекті сайлау президент мерзімі аяқталатын айда, яғни қарашаның үшінші жексенбісінде - 19 қарашада өтуі тиіс", - деп түсіндірді ОСК бөлім басшысы Кубат Уметәлиев.

Қырғызстан Конституциясы бойынша, президент бір мерзімге ғана сайлана алады. Президент Алмазбек Атамбаев өз уәкілетін бейбіт жолмен тапсыратынын мәлімдеді. Президенттік сайлауға түскісі келетінін бірнеше саясаткер мәлімдеп үлгерді.

XS
SM
MD
LG