Ссылки доступа

Жамбыл облысында мектептегі әлімжеттіктен оқушы көз жұмды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Жамбыл облысында ауыл мектебінің оқушысы ауыр соққыдан көз жұмды. Оқиға туралы журналист Данияр Әлімқұл Facebook-тегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп ауласындағы әжетханада 9-сынып оқушысы 8-сыныпта оқитын баланы ұрып-соққан. Салдарынан жасөспірім жан тапсырған.

Білім басқармасының хабарлауынша, құзырлы органдар 30 сәуірде Құмжота ауылындағы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, мектеп әкімшілігіне қатысты қызметтік тексеріс бастаған.

Полиция 8-сынып оқушысының өліміне байланысты кәмелетке толмаған бала күдікке ілінгенін хабарлады. Оны изоляторға отырғызған. Мектеп басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты "Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" фактісі бойынша іс қозғалған.

30 сәуірде кешке Жамбыл облысының полиция департаменті әлеуметтік желідегі парақшасында мерекелік іс-шаралар қарсаңында "заңсыздықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық ортаға тартпау мақсатында" полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын орындарда күзетті күшейткенін хабарлады.

Сәуірдің ортасында Ақтөбедегі спорт мектебінде бір оқушы көз жұмды. 8-сыныпта оқитын он баланы жоғарғы сынып оқушылары жатақхана бөлмесіне кіргізіп алып, "әлімжеттік жасағаны" айтылды. Полиция 14 жастағы оқушының қаза болу дерегі бойынша "Бұзақылық", "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен іс қозғады.

Қазақстанда жасөспірімдер арасында топ болып төбелесу, әлімжеттік жиі болып тұрады. ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда мектептегі балалардың 66 пайызы кемсіту көреді, 44 пайызы әлімжеттікке ұшырайды, 24 пайызы басқа балаларды кемсітеді.

XS
SM
MD
LG