Ссылки доступа

Өзбекстанда бес мыңнан астам имамның діни сауаттылығы тексерілді


Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы (ӨМДБ) бес мыңнан астам имам мен найыб-имамның білім деңгейін анықтау үшін сұхбат өткізген. Алайда діни білімі төмен имамдарды жазаламайтыны айтылған.

ӨМДБ-тың кадрлар бөлімінің басшысы Абдуманнап Усмановтың сөздерінше, әңгімелесуді Ташкенттің білікті имамдары мен діни басқарма қызметкерлері жүргізіп жатыр. «Біз имамдардың ғылыми білімінің деңгейін тексердік. Қазір елде ғылыми орталықтар өте көп. Сондықтан кейбір имамдарды білім деңгейін арттыру үшін сонда жіберетін боламыз», – дейді ол.

Имамдардың білім деңгейін анықтаудың қорытындысы 20 күннен кейін шығады екен. «Әзірге оларға қарсы ешқандай шара қолданбаймыз. Бірақ болашақта білімі төмен имамдарды жұмыстан шығаруымыз мүмкін», - дейді Абдуманнап Усманов.

Әңгімелесуден өткен Ферғанадан келген имамның бірі болашақта діни қызметкерлердің материалдық жағдайын түзетуге де билік көмектессе деген ойын білдірді.

"Біздің айлығымыз 1-1,5 миллион сум (120-180 АҚШ доллары). Оның жартысын салыққа төлейміз. Имамдардың көбі айлық үшін емес, Алла үшін жұмыс істейді. Мешітке намаз оқу үшін ғана барады. Кітап оқымайды. Жастардың көбі медреселерді оқыса да, олардың білімі жоқ, – дейді ферғаналық имам.

XS
SM
MD
LG