Ссылки доступа

Балиде жанартау атқылауына байланысты 100 мыңға жуық адам көшіріледі (видео)


Индонезия билігі дүйсенбі күні таңертең Бали аралында Агунг жанартауының атқылауына байланысты ең жоғарғы деңгейдегі қауіп дабылын жариялады. Мұндай жағдай соңғы 50 жылда бірінші мәрте болып отыр.

Жанартаутанушылар кез келген уақытта жанартау атқылауы мүмкін екендігін ескертті. Жанартаудан бірнеше шақырым жерде ірі жер сілкіністері мен магманың жарылған дауыстары естіліп жатыр.

Аралда тұрғындарды жаппай көшіру басталды, олардың арасында туристер көп. Жанартаудан он шақырым жерден 100 мыңға жуық адам көшірілуі мүмкін. Солардың 60 мыңы туристер екені хабарланды. Билік жарты миллион медициналық бетперде дайындап қойды.

Агунг жанартауы 21 қарашада алғаш рет атқылаған. Одан шыққан түтін мен бу кратерден 700 метрге көтерілген. Сол кезде жергілікті төтенше жағдайлар қызметі жанартау белсенділігін төрттен екеу деп болжаған. Жексенбі күні ол екінші мәрте атқылады. Жанартаудан лава ақпаса да, одан шыққан түтін 400 метрге көтерілген. Соған байланысты Балиге ұшу доғарылды, жергілікті әуежайлар жабылды.

Агунг жанартауы соңғы рет 1963 жылы атқылаған, одан шыққан түтін теңіз деңгейінен 26 шақырымға көтерілген. Сол кезде Балиде мыңнан астам адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG