Ссылки доступа

Өзбекстанда тағы бір қаржы пирамидасы әшкереленді


Ташкент облысының Янгиюль ауданында 38 жастағы Нуриддин Абилгазиев ұсталды. Ол қаржы пирамидасын құрғаны үшін өткен жылы қолға түскен Ахмад Турсунбаев пен Бахадыр Уринбаевтың істерін жалғастырған..

Ресми хабарларға қарағанда, өзінің үш жақтасымен бірге Абилгазиев «Dilshod Avto Savdo» компаниясын құрған. Құжаттар бойынша бұл фирма авткөлік саудасымен айналысу керек екен. Бірақ оның қожайындары аса ірі көлемдегі алаяқтықпен шұғылданған. Тиімді іске қаражат салумен алдаған Абилгазиев адамдардың ақшаларын, бағалы бұйымдарын, мүліктерін, үй жануарларын және автокөліктерін алып, оны қыруар пайызбен қайтарып беруге уәде еткен.

Абилгазиев түрлі каналдар арқылы кәсіпорынның табысы көп екені туралы жалған ақпарат таратқан. Кейін белгілі болғандай, ол ақшалар мен мүліктерді кәсіпорынның дамуына емес, бұған дейінгі салымшылардың пайызын төлеуге жұмсаған. Қалған ақшаны қылмыскерлер бөліп алып отырған.

Осындай жолмен Абилгазиев жүздеген адамды алдаған, делінген ресми хабарламада.

Янгиюль аудандық соты Нуриддин Абилгазиев пен оның сыбайластарына 700 миллион сум (8750 доллар) төлеуге міндеттеді. Бұған қоса, 125 жеңіл және жүк көліктері заңды қожайындарына қайтарылуы керек. Сот Абилгазиев пен оның сыбайластарына қандай жаза белгіленгені әзірге хабарланбады.

XS
SM
MD
LG