Ссылки доступа

Алматыда Фурманов көшесін Назарбаев даңғылы деп өзгертпек


Алматыдағы орталық Фурманов көшесін Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл деп өзгертуге шешім қабылданды.

Tengrinews.kz сайтының ақпаратына қарағанда, көше атауын өзгерту туралы шешім бүгін Алматы қалалық мәслихатының сессиясында қалалық ономастикалық комиссияның және үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның келісімімен қабылданған.

Сессия кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек ономастикалық комиссияға қаладағы 112 көшенің атын ауыстыру туралы ұсыныс түскен соң "интеллигенция, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерінен, қала тұрғындары мен әсіресе жастардың атынан тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы Нұрсұлтан Назарбаевтың атын Фурманов көшесіне беру туралы көптеген ұсыныстар түскенін" айтты.

Қарашаның ортасында Алматы әкімдігі қаладағы 100-ден астам көшенің атауын өзгертуді ұсынған. Қалалық ономастикалық комиссиясының шешімі бойынша, қаладағы бірсыпыра көше атаулары Нұр Әлем, Нұрлы жол, Хан Шатыр, Нұрсая және Алтын адам көшесі деп өзгерту ұсынылған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атын түрлі нысандарға беру үрдісі Қазақстанда бұрыннан бар.

XS
SM
MD
LG