Жергілікті қауіпсіздік қызметі әзірге олигархтың ұсталғаны туралы баспасөзге ақпарат берген жоқ. Дереккөздің хабарлауынша, Абдулов Душанбе қаласының Фердауси ауданындағы уақытша қамау абақтыларының бірінде отыр. Отбасы Дубайда тұрады.
"Джамшед Абдуловты Тәжікстанның вице-премьері Давлетали Саидов "Тоджпромбанктің" бір топ клиентімен кездескен соң тұтқындаған. Лицензиясынан айырылған банктің салымшылары вице-премьерге "бірнеше олигарх миллиондап алған несиелерін қаржы мекемесіне қайтармағандықтан, салған ақшаларын кері ала алмай отырғандарын" айтып шағынған. Ол олигархтар арасында Джамшед Абдуловтың аты аталған делінеді.
Биыл ақпан айында Тәжікстанның Ұлттық банкі елдегі "проблемалы" банктер аталған - "Тоджпромбанк" пен "Фононбанктің" лицензияларын кері қайтарып алған еді. 2015 жылғы Тәжікстандағы банктер дағдарысы кезінде - "Тоджиксодиротбанк", "Агроинвестбанк", "Тоджпромбанк", "Фононбанк" сияқты төрт ірі банк салымшылары мен серіктестері алдындағы қарызды жаба алмай қалған. Былтыр желтоқсанда осы қаржы мекемелерін банкроттықтан құтқару үшін Тәжікстан үкіметі 3 миллиард 850 миллион сомониден астам қаражат бөлген. Қаржы министрлігі осы сомаға мемлекеттік құнды қағаздар шығарып, оны төрт коммерциялық ірі банкті капиталдандыруға жұмсайтынын хабарлаған.