Ссылки доступа

Қырғызстан мен Өзбекстан сауда айналымын 500 млн долларға жеткізбек

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің Ташкентке ресми сапары барысында екі ел басшылары кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Қырғыз президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат бөлімінің хабарлауынша, Шавкат Мирзияев Қырғызстан басшысының алғашқы сапарын Өзбекстаннан бастауын жақсы нышан деп атаған.

«Қырғыз-өзбек тарихында дәл осындай жақын көзқарас ешқашан болмаған. Биыл екі ел арасында сауда айналымы 250 млн долларға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 280 млн долларға жетеді. Біз сауда айналымын 500 млн долларға дейін жеткіземіз. Біз барлық кедергілерді алып тастаймыз. Екі ел арасында шекара арқылы күніне 10-15 мың адам өтеді. Шекара болмайтындай уақыт келеді», - деп атап өткен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Өз кезегінде Сооронбай Жээнбеков көп мәселелер бойынша екі елдің ұстанымы сәйкес келеді деп атап өткен.

«Егер біз бұрын көрші, дос мемлекет болсақ, қазір стратегиялық әріптес болдық. Шекара біздің елдің достық және әріптестік есігіне айналды. Біз қалған белгіленбеген шекара нүктелері бойынша белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз», - деген ол.

Қырғыз президенті алдағы 25 желтоқсанда екі елдің Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша жұмыс тобы кездесетінін жеткізді.

XS
SM
MD
LG