Ссылки доступа

Тәжікстанда «Умед-88» компаниясы жетекшілерін қамауда ұстауды екі айға созды

Душанбе соты мұнай өнімдерін жеткізумен айналысатын «Умед-88» компаниясының жетекшілерін қамауда ұстауды тағы екі айға созды. Компания құрылтайшылары Раджабали Одинаев пен директоры Идибек Ибрагимов биыл қазан айында тұтқындалған.

Айыпталушы Раджабали Одинаевтың адвокаты Хисрав Аюби сот шешімімен келіспейтінін, арыздануға ниетті екенін жеткізген. Адвокаттың айтуынша, тергеушілер компания жұмысын әлі тексеріп жатыр.

«Умед-88» компаниясы жетекшілері Раджабали Одинаев пен Идибек Ибрагимовқа қатысты несие ретінде берілген қаржыны талан-таражға салды және қызметтерін асыра пайдаланды деген айыптар бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Дереккөздің хабарлауынша, іс аяқталуға жақын. Қаңтар айында сотқа берілуі мүмкін.

Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон 14 қазанда кәсіпкерлермен кездесу кезінде «Умед-88» компаниясына мемлекет бюджетінен 170 млн сомони себепсіз берілгенін айтып, қаржы министрлігін сынға алған. Президент соңғы екі жылдан бері аталған компания мемлекет қаржысын қайтармағанын атап өткен.

Жанар май құю станциялар желісін басқаратын «Умед-88» компаниясы 1996 жылы құрылған. Компания негізінен Ресей, Қазақстан және Түркіменстаннан бензин жеткізетін. Тәжікстан бойынша компанияға тиесілі 70-тен астам жанар май құю бекеті бар.

XS
SM
MD
LG