Ссылки доступа

Қырғызстанда белсенді журналистерге көмек ретінде 30 мың сом жинады


«Сөз бостандығын қорғау комитеті» сот шешімімен миллиондаған айыппұл төлеу керек болған журналистерге көмек ретінде, халықтан 30 мың сом (450 доллар) жинаған. Бұл жөнінде қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Әділ Турдукулов мәлімдеді.

Оның сөздерінше, акция жалғасып жатыр. Еске сала кетсек, қоғамдық белсенді 29 желтоқсанда Жоғарғы сот алдында ақша жинау үшін акция өткізген. Ол сол кезде «БАҚ-қа 40 млн сом айыппұл төлету туралы заңсыз шешім шығарған судьялар да бұл акцияға қатысу керек» деген.

Бас прокуроратура экс-президент Алмазбек Атамбаевтың абыройын қорғау мақсатында Zanoza.kg сайты мен журналистерге 27 млн сом (385 мың доллардан астам) айыппұл төлеу жөнінде сотқа шағым түсірген. Сот шешімімен, басылымға 15 млн сом, журналистер Нарын Айыпқа – 9 млн, Дина Масловаға – 3 млн сом айыппұл төлеу міндеттелсе, "Әділет" құқықтық клиникасының жетекшісі Чолпон Жакупова 3 млн сом төлеу керек болған.

Сотта әлі журналистер мен адвокаттарға қатысты екі іс жатыр. Біреуі – "Дачи-СУ" ісі бойынша "Ата Мекен" партиясының заңгерлері Қанатбек Азиз бен Таалайгүл Токтакуноваға қатысты, олардың әрқайсысына 5 млн сом айыппұл талап етілген.

Бішкек қалалық соты Сооронбай Жээнбеков штабының шағымы бойынша журналист Кабай Карабековке және 24.kg ақпарат агенттігіне шығарылған аудандық сот шешімін сол күйінде қалдырды. Сот шешіміне сәйкес, журналист және агенттік әрқайсысы Жээнбековке 5 млн сом айыппұл төлеуі тиіс.

Осыған дейін хабарлағандай, Қырғызстандағы он жеті БАҚ пен медиа ұйым журналистерді қолдап, ақша аударған.

XS
SM
MD
LG