Ссылки доступа

Шымкент -Ташкент автобус бағыты ашылды


5 қаңтар күні Шымкенттегі "Шымкент қалааралық автобустар вокзалынан" (Ескі автовокзал) Шымкент - Ташкент халықаралық автобус бағытының алғашқы рейсі жолға шықты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жолаушыларды Қазақстан тарапынан "КазнетВоркBus" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Өзбекстан жағынан "МанзураТурист" серіктестігі тасымалдайды.

Бағыттың жалпы ұзындығы 145, 2 километр болады. Автобус Қазақстан шекарасында "Жібек жолы" кеден бекетінен, Өзбекстан шекарасында "Гишт-Куприк" кеден бекетінен өтеді. Жолақы құны - 3000-3500 теңге аралығында. Автобус жолда үш сағат жүреді. Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұттың айтуынша, бұл бағыттағы автобуспен қатынайтын жолаушылар кеден бекеттерінен жеңілдетілген тәртіппен өтеді.

- Екі ел президенттерінің келісімімен 2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы болып белгіленді. Бүгін бірінші автобус жүргелі тұр. Келешекте күн сайын 15 автобус жүреді. Екі елдің кеден бекеттерінде жеңілдіктер қарастырылған. Жолаушылар шекарада кезексіз жеке дәлізбен өткізіледі, - дейді Нұрлан Байғұт.

Шымкенттегі өзбек мәдени орталығының төрағасы Икром Хашимжановтың Азаттыққа айтуынша, Шымкент - Ташкент бағыты жолаушыларға тиімді болғанымен, жолақысы қымбат. "Шымкенттен жүретін басқа көліктермен Ташкентке 1500 теңгемен де жетуге болады. Алдағы уақытта бұл мәселені ескереді деп сенеміз" дейді ол.

XS
SM
MD
LG