Ссылки доступа

Тәжікстанда ислам партиясы мүшесін терроризммен айыптап, сырттай 15 жылға соттады


Хатлон облыстық соты Тәжікстанда тыйым салынған Исламның жаңғыруы партиясы саяси кеңесінің мүшесі, партия лидері Саид Абдулло Нуридің көмекшісі болған Шамсиддин Саидовты сырттай 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Облыстық соттың өкілі Сайфиддин Пирмухаммадзоданың айтуынша, оларға қарсы қозғалған қылмыстық істе терроризмге қатысын дәлелдейтін айғақтар бар. 9 адам куәлік еткен. Қылмыстық іске Шамсиддин Саидовтың Мухиддин Кабиримен бірге отырған суреттері дәлел ретінде қолданылған.

Сот үкіміне қатысты Шамсиддин Саидов әзірге пікір білдірмеді. Ол қазіргі кезде шетелде қашып жүр.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Шамсиддин Саидов ислам партиясына өткен ғасырдың 80-жылдары аяғында қосылған. Ол кезде СССР билігі өзгеше ойлайтындарды қатаң жазалады. Сол себептен ислам партиясы жасырын жұмыс істеген. 1986 жылы Совет үкіметіне қарсы уағызы үшін, Шамсиддин Саидов Сібірге айдалған.

Тәуелсіздіктен кейінгі Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде ол Ауғанстанға қашып, Исламның жаңғыруы партиясы лидері Саид Абдулло Нуридің ресми өкілі болған. Кейін 1997 жылы оппозиция мен билік бейбіт келісімге келгеннен кейін, Саидов отанына оралған болатын.

XS
SM
MD
LG