Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға Швейцарияға аттанар алдында журналистерге сұхбат берген Трамп тіптен ант беріп тұрып, сұрақтарға жауап бере алам деген. Бірақ алдымен адвокаттарымен кеңесетінін айтқан. Осылай дей тұра, АҚШ президенті "өз тарапынан тергеу ісіне ешқандай кедергі болмағанын" алға тартты.
Мюллердің айналасындағы сенімді дереккөздің мәліметінше, арнайы прокурор АҚШ президентімен кездесіп, ФБР директоры Джеймс Комиді және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесші Майкл Флиннді не себептен отставкаға жібергенін сұрағысы келген. Мюллер ең бастысы Трамп шын мәнінде тергеу ісіне кедергі келтіргісі келді ме, жоқ па, осыны анықтағысы келген.
Тергеу барысында Коми инаугурация алдында Трамп өзін шақырып алып, Флиннің ресейлік елшімен байланысын тексеруді тоқтатуын талап еткенін айтқан. Кейін президенттік қызметіне кіріскеннен кейін, Трамп Комиді қызметінен алды.
Бір ай бұрын да Трамп Мюллер командасымен кездесуге дайын екенін білдіріп, кейін қажеттілік жоқ екенін мәлімдеген.
Әзірге белгілі болғандай, тергеу ісі барысында АҚШ арнайы қызметінің жоғары лауазымды шенеуніктері сұрауға алынған. Оның ішінде Орталық барлау басқармасының басшысы Майк Помпео, бас прокурор Джефф Сешнс бар.