Ссылки доступа

Өзбекстанда ұсталған әйелді шешіндіріп қинаған милиция офицері жұмыстан шығарылды


Сотрудники узбекской милиции, архивное фото.
Сотрудники узбекской милиции, архивное фото.

Өзбекстанның Самарқанд облысы Каттақорған қаласында ұсталған екі әйелді милиция бөлімінде тыржалаңаш шешіндіріп қинағаны туралы "Озодлик" мақаласынан соң, облыстық прокуратура қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер тергеліп жатыр.

Каттақорған қаласы ішкі істер бөлімінің есімі аталмауын қалаған қызметкерінің хабарлауынша, Самарқанд облысында милиция әйелдерді тыржалаңаш шешіндіріп қинағаны туралы мақала жарияланғаннан бірнеше сағаттан соң милиция бөлімшесіне арнайы инспекция келген.

"Санат Умаровты түнімен тергеді. Таңертеңге жақын жәбірленушіні алып келді. Әйел Самарқанд облысы ішкі істер департаменті мен облыстық прокуратура қызметкерлеріне куәлік етті", - деді милиция қызметкері.

4 шілдеде Өзбекстанның бас прокуратурасы Санат Умаровқа қатысты "қызметін асыра пайдаланғаны үшін" қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Бас прокуратура мәліметі бойынша, қазір Умаровты қамауға алу мәселесі қаралып жатыр.

Жәбірленген әйелдің көршісі оның ауыл шетінде өте кедей тұратынын айтты.

"Бұл әйелдің күйеуі бауыр ауруынан қайтыс болған. Ол әйелдің тұратын жерінен үй деуге де келмейді. Ол жерде тіпті ит те тұрмайды. Аулада қақпа да, қоршау да жоқ. Ол өте кедей тұрады", - деді милиция қызметкерінен жәбір көрген әйелдің көршісі.

Ішкі істер министрлігі Каттақорған милиция бөлімінде болған жағдайға қатысты мәлімдеме таратты. "Қазіргі таңда Санат Умаров ішкі істер органдарынан заңсыз әрекеті үшін жұмыстан шығарылды. Министрлік басшылығы мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті шаралар қолданады" делінген министрлік мәлімдемесінде.

XS
SM
MD
LG