Ссылки доступа

Айдана Айдархан: Билік "Шаңырақ оқиғасын" мойындағысы келмейді

Алматыдағы "Шаңырақ оқиғасынан" бері 13 жыл өтсе де, осы іс бойынша ұзақ мерзімге сотталған Арон Атабек пен Құрманғазы Өтегенов әлі түрмеден шықпады. Екеуі де қазір Павлодардағы уақытша қамау абақтысында отыр.

2017 жылы 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Атабектің қызы Айдана "Шаңырақ оқиғасына" 13 жыл толған 14 шілде күні Алматыдағы Абай ескерткішінің түбінде әдеби акция өткізді. Ол акция кезінде әкесінің түрмеде отырып жазған өлеңдерін оқыды.

- Мен әкемнің өлеңін оқуға шықтым. Осы арқылы ол түрмеден шығып, үйге оралса екен деген тілегімді жеткізгім келеді, - деді ол әдеби акция кезінде.

Айдана осы акцияға әкесінің өлеңдер жинағын ала келген екен.

Айдананың әкесін көрмегеніне 12 жыл өтті. Сол кезде ол 14 жаста болатын. Айдана әкесін соңғы мәрте 2007 жылы сот залында көргенін айтады. Арон Атабекті «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны үшін» 18 жылға бас бостандығынан айырған сот шешімі шығып, тұтқын жалғыз адамдық камерада қатаң жағдайда ұсталған. Оның өзі жұбайы мен қызының түрмеге кездесуге келуіне тыйым салды. Ол бұл әрекетін билік туыстарын өзіне қысым құралы ретінде қолдануды қаламайтынымен түсіндірді.

Айдана Айдархан Абай ескерткіші түбінде тұрып, әкесінің түрмеде отырып жазған бірнеше өлеңін оқыды. Ол өзін полиция ұстап, бөлімшеге әкеткенге дейін түрмедегі әкесі мен онымен бірге сотталған Құрманғазы Өтегеновті ақтауды талап ететінін білдірді.

- Оның кінәсі жоқ. Мен әкемді және дәл осы іс бойынша жазасын өтеп жатқан Құрманғазы Өтегеновты босатуды талап етемін. "Шаңырақ ісі" бойынша сотталғандардың бәрін ақтауды талап ету мақсатында шықтым, - деді.

Биыл қ​аңтардың 31-і күні 66 жасқа толған Арон Атабек — «Шаңырақ ісі» бойынша ұзақ жылдарға түрмеге жабылған төрт азаматтың ішіндегі жасы ең үлкені. Ұзақ мерзімге жазаға кесілген екі тұтқын өткен жылы 11 жылдан кейін мерзімінен бұрын босап шыққан.

2014 жылдан бері Атабек «режимді бұзғаны үшін» Павлодардағы тергеу мекемесінің бір адамдық камерасында отыр. Тұтқынды қатаң жағдайда ұстау тәртібіне сәйкес, оның көп құқығы шектелген.

Осы айда «Шаңырақ ісі» бойынша жазаланған 43 жастағы Кұрманғазы Өтегенов Павлодардағы тергеу мекемесіне ауыстырылды. Ол бұған дейін Павлодардағы қатаң режимдегі колонияда (АП-162/4 мекемесі) жазасын өтеп келген. Құрманғазы Өтегенов 16 жылға бас бостандығынан айырылып, 2013 жылы «түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады» деген айыппен тағы екі жарым жыл жазаға кесілген.

2006 жылғы оқиғадан кейін билік Шаңырақ тұрғындарына бұдан бұрын сүруге тырысқан жер учаскелері мен үйлерін заңдастыруға рұқсат берді. Қала сыртына инфрақұрылым жасақталып, Алматыда Алатау деп аталатын жаңа аудан пайда болды. Қазір Шаңырақта 13 жыл бұрынғы оқиғаны еске түсіретін ештеңе байқалмайды.

Шілденің 14-і күні бірнеше сағатқа созылған “әңгімелесуден” кейін полиция бөлімшесінен босап шыққан Айдана Айдархан қоғам Шаңырақ оқиғасын ұмыта бастағанын, акцияға сол оқиға мен «Шаңырақ ісі» бойынша абақтыда отырғандарды еске салу үшін шыққанын айтты. «Бұл халқымыз үшін үлкен қасірет болды. Бірақ билік бұл қасіретті мойындағысы келмейді», - деді Айдана Айдархан.

XS
SM
MD
LG