Ссылки доступа

БАҚ: Бакиевтер отбасы Шотландия офшоры арқылы Беларусьте бизнесін жүргізіп келеді

Беларусь ұлттық биотехнологиялық корпорациясында Құрманбек Бакиевтің немере інісінің үлесі бар болып шықты. Асылбек Салиев оны шотландиялық офшорлар арқылы басқарып отыр деп жазады naviny.by басылымы.

Асылбек Салиевтің жасы 31-де. Британ тізіліміне сәйкес, ол Шотландиядағы Altastar LP және Maxforse LP компанияларының иесі. Екеуінде де 75 процент үлесі бар.

Ал «Белорусь ұлттық биотехнологиялық корпорациясының» (БҰБК) 11 проценті Altastar LP-ге, 11,5 проценті Maxforse LP-ге тиесілі. Осылайша Асылбек Салиев Шотландиядағы офшорлық компаниялары арқылы БҰБК-тың 22,5 процентіне иелік етіп отыр. Аталған компанияның 22,5 проценті арабтың Al Salaam Biotech Investments Ltd және Al Ziad Agro Investments Ltd компанияларына қарайды. Олардың артында кім тұрғаны әзірге белгісіз.

Беларусь мемлекетінің өзі БҰБК-ның 25 процентіне қожайындық етеді. Қытайдың ірі CITIC International Investments Ltd. және COFCO Corporation компанияларына 20 және 9 проценті тиесілі. Ал бір пайызы ресейлік "Вирен-Инвест" компаниясының меншігіне қарайды екен.

Асылбек Салиев Қырғызстанның бұрынғы президенті Курманбек Бакиевтің туған інісі Жаныш Бакиевтің ұлы. Жаныш Бакиев мемлекеттік күзет қызметін басқарған. 2010 жылғы оқиғадан кейін ол ағасымен Қырғызстаннан қашып кеткен. Қазір Беларусьте тұрып жатыр.

Осының алдында Бакиевтер отбасының қаржы кеңесшісі болған Евгений Гуревич олардың елден 200-300 млн доллар ақша шығарғанын баяндаған.

Британия тізілімінде Асылбек Салиевтің Беларусь азаматы екені жазылған.

«Белорусь ұлттық биотехнологиялық корпорациясы» Пуховичск ауданында 160 гектар жерді алып жатыр. Компания амин қышқылдарын, мал азығының қоректік сапасын жақсартатын биологиялық қоспа шығарумен айналысады. Ол 2018 жылы ашылған. 2032 жылға қарай толық аяқтау жоспарланған.

Корпорация директоры - Даниил Урицкий. Ол Қырғызстанда бұрынғы премьер-министр болған Данияр Үсеновтің өзі.

XS
SM
MD
LG