Ресми ақпаратқа сәйкес, жанжал тәжіктің Ворух ауылы мен қырғыздың Ақ-Сай елді мекені тұрғындары арасында орын алған. Ворух тұрғындары ауылға ұлттық туын іліп қойған. Бұл осы ауылда тұратын қырғыз азаматтарының наразылығын туғызған.
Әзірге қай тараптың бірінші болып ұрыс шығарғаны белгісіз. Адамдар бір-біріне тас лақтырып, оқ атуға дейін барды дейді. Оқтан 52 жастағы Ворух ауылының мұғалімі Жалолидин Кароев қаза тапқан. Оқ оның көзіне тиген. Тағы бес адам ауыр жарақат алған. Олардың ішінде Соғды облысының тергеу басқармасының басшысы Абдулрасул Шомирсаидов та бар.
Жараланғандардың бәрі ауруханада жатыр. Ворух ауруханасының бас дәрігері Карим Хакимов олардың жағдайы ауыр дейді.
Ворух ауылы – Қырғызстан аумағында орналасқан тәжік ауылы. Бұған қарсы бетте Ақ-Сай ауылы орналасқан.
Тожикон (Ворух) ауылының әкімі Гафуржон Жураев қақтығыс кезінде бір тұрғынның қаза тауып, жетеуінің жараланғанын мәлімдеді. Оның сөзінше қырғыз азаматтары қару қолданса, тәжік тұрғындары тас лақтырған.
Қазіргі кезде Исфара – Ворух тас жолы жабық.
Жергілікті құқық қорғау органдары мен билік өкілдері оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатыр.
Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара қашықтығы 976 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнге дейін 504 шақырымы ресми белгіленген. Ал қалған шешімі табылмаған жер үнемі екі ел тұрғындары арасындағы дауға себеп болып келеді.