Ссылки доступа

Бішкек: қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай айтарлықтай тыныш

Қырғызстанның Баткен облысында қырғыз-тәжік шекарасында орналасқан Ак-Сай ауылынан 600 адам көшірілген. Бұл туралы Баткен облысы әкімшілігі хабарлады.

Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай айтарлықтай тыныш. Қырғызстан мен Тәжікстан ішкі істер министрлерінің, шекара мекемелерінің басшылары Баткен ауданындағы Дача елді мекенінде кездескен.

«Екі елдің шекара бөлімдері жанжал болған жерді бірге күзетеді. Исфара – Ворух және Исфана – Баткен автожолындағы қозғалыс тоқтады» делінген МШҚ мәлімдемесінде.

Қырғызстанның Ак-Сай ауылы мен Тәжікстанның Ворух анклавында 22 шілдеде кешке жанжал болды. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің мәліметі бойынша, Ворух ауылының тұрғындары елді мекенге кіретін тұсқа флагшток орнатқан. Оған Ак-Сай тұрғындары қарсы шыққан. Дау кезінде тараптардың бірі қару қолданған.

23 шілдеде жанжал тағы ушықты. Сағат 16.00 шамасында тәжік тарапы оқ атып, қырғыз шекарашысы жараланды.

Жанжалдан Қырғызстанның 17 азаматы зардап шекті, 14 адам оқпен жараланды, үш адамға тас тиді.

Тәжік билігінің хабарлауынша, елдің бір азаматы оқтан қаза тапқан, жеті адам тастан жараланған.

Бішкек пен Душанбе Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кездесуіне дайындалып жатыр. Жүздесуде шекара мәселесі талқыланады деп жоспарланған. Кездесудің қашан өтетіні әзірге белгісіз.

Қырғызстан мен Тәжікстанның ортақ шекарасы 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымы ғана келісілген.

XS
SM
MD
LG