Ссылки доступа

Алматыда Серікжан Біләшті қолдау акциясы өтті


Бүгін, 29 шілде күні Алматы тұрғындары Алмат Маратұлы мен Иса Құрманбек Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы жетекшісі Серікжан Біләшті қолдау акциясын өткізді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматы қалалық әкімдігі жанына келген олар "Freedom for Serikzhan Bilash" ("Серікжан Біләшқа бостандық берілсін") деген жазуы бар қағаз ұстап алған.

- Серікжан қандай да бір ұлтқа немесе дінге қарсы емес. Сондықтан оған тағылған айыпты негізсіз деп есептейміз. Бүгінгі Серікжан Біләшті қолдау акциясы арқылы сотқа әсер еткім келеді, - деді Алмат Маратұлы.

Акция бас-аяғы он бес минутқа созылды.

Шілденің 29-ы күні Нұр-Сұлтан қаласында Алматы аудандық №2 сотында тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің (құжат бойынша - Бияш) ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылықтың қысымға ұшырағаны туралы мәселе көтерген белсендіге тергеу орындары Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Биыл наурыз айында Алматыдағы қонақ үйлердің бірінен қамауға алынып, Нұр-Сұлтанға жеткізілген Біләш бастапқыда тергеу изоляторында болды, кейіннен үйқамаққа ауыстырылды. Сот Біләштің өзін қолхатпен босатуды немесе үйқамақты тұрғылықты жері - Алматы қаласына ауыстыруды сұраған өтінішін қанағаттандырмады.

XS
SM
MD
LG