Ссылки доступа

Тәжік президенті сынаған кеден қызметкері жазадан құтылған


Тәжікстанның қаржы полициясы Душанбе қаласындағы №1 терминалдың бұрынғы басшысына қылмыстық іс қозғамады. Шахбоз Раджабзоданы мемлекет басшысы Эмомали Рахмонның өзі көпшілік алдында сынаған еді.

Жемқорлыққа қарсы күрес мекемесінің директоры Сулаймон Султонзода 30 шілдеде Душанбеде баспасөз конференциясын өткізіп, Раджабзодаға қатысты ешқандай арыз түспегенін мәлімдеген. Агенттік басшысының мұндай жауабынан соң журналистер көптеген сауал қойған. Дегенмен Сулаймон Султонзода бұл тақырыпқа қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Биыл 10 мамырда президент Эмомали Рахмон кеден қызметкері Шахбоз Раджабзодты орнынан тұрғызып, оның қанша үйі және автокөлігі барын сұраған. Мемлекет басшысы жиналыста отырғандарға Раджабзода университеттен үлгерімінің төмендігіне байланысты шығарылғанын еске салған.

"Жасаған күнәң шашыңнан көп. Жұмыс істеген жерлердің бәрінен шығарып жіберген. Мына қызметке қалай орналасқаныңды түсіне алар емеспін", - деп жекіген президент. Раджабзода подполковник шеніне дейін көтеріліп, 16 мәрте шетелде болғаны анықталды.

Дегенмен президент жас кеденшіні сол жерде кешіріп, қызметтен кету туралы арыз жазуға кеңес берген. Бұған қоса ол шығынды толтыруы керек болған.

Сыншылардың пікірінше, Шахбоза Раджабзоданың ісімен тергеу органдары айналысуы тиіс еді, бірақ танымал дәрігердің баласын кешіріп, босата салды. Бірқатар сарапшылар бұны жемқорлықпен күрес тәсіліне жатқыза алмайды.

"Президент осы арқылы басқа да шенеуніктерге ескерткісі келген, әйтпесе олар да Раджабзоданың артынан кететінін меңзеген", - деді сарапшылардың бірі.

XS
SM
MD
LG