Ссылки доступа

Өзбекстанда өнер өкілдері Бұхарадағы ескерткіш жанында кафе ашуға қарсы шықты


34 жастағы кәсіпкер Саиджон Максудов Бұхара әкімдігінен XVI ғасырда салынған Надира Диванбеги медресесі маңынан кафе салуға рұқсат алған. Бұл өнер қайраткерлерінің ашу-ызасын туғызып отыр.

Кәсіпкер Саиджон Максудовтың айтуынша, шын мәнінде кафе салынатын жерде әкесінің үйі болған. Бірақ жергілікті билік мемлекет қажеттігі үшін деп тартып алған. Енді сол жерге кафе салуға рұқсат беріпті.

Ал жергілікті шенеуніктің айтуынша, бұрынғы үйдің орнына көпқабатты тұрғын үй салуға келмейді. "Себебі мұнда туристер көп келеді. Сондықтан біз бұл учаскеге кафе салуға рұқсат бердік, жанында тарихи, мәдени нысандар бар", - дейді шенеунік.

Ал Саиджон Максудовтың өзі кафе жанынан туристерге арналған ақпарат орталығы мен әжетхана саламын деп отыр. "Сіздер білесіздер Бұхарада әжетхана проблемасы бар. Осы олқылықтың орнын толтыруға тырысамын", – дейді ол.

Бұл жерге кезінде Гүлнара Каримова қонақүй салмақ болған екен. Бірақ сол кездегі ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятов оған жол бермеген.

ЮНЕСКО ескерткіш маңына салынатын ғимарат екі қабаттан аспауы керек деп кеңес беріпті.

2018 жылы Өзбекстанның мәдениет министрі Бахтияр Сайфуллаев елде 259 мәдени мұраға зиян келгенін айтқан.

Надир Диванбеги медресесі 1993 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген. Медресені 1622 жылы Имамкул ханның уәзірі Надир Диванбеги салдырған.

XS
SM
MD
LG