Ссылки доступа

Тәжік адвокаттары соққыға жығылған әріптесін қорғауға кірісті


Абдулазиз Абдурахмонзода

Тәжік адвокаттары абақтыда азапталған әріптесі Абдулазиз Абдурахмонзода ісін әділ қарауды талап етті. Жас адвокат ешқандай кетпеу туралы қолхат берген, қаржы полициясы оған қарсы қылмыстық іс қозғаған.

Тәжікстандағы халықаралық заңгерлер комиссиясының өкілі Дилшод Жураев елдің құқық қорғау және құзырлы органдары адвокат Абдурахмонзоданың азаптау туралы арызын қарауы тиіс.

Тәжікстан адвокаттар одағының мүшесі Абдулазиз Абдурахмонзода Жемқорлықпен күрес және қаржы бақылауы жөніндегі агенттіктің шұғыл әрекет ету қызметкерлері өзін заңсыз ұстап, азаптағанын мәлімдеді. Олар адвокаттан Варзоб аудандық сотының қызметкеріне қарсы куәлік етуін талап еткен. Бұл туралы "Адам құқықтарын қорғау жөніндегі тәуелсіз орталық" хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, 2019 жылы 9 сәуірде Варзоб аудандық соты ғимаратының алдында Саидмурод Саидов одан азаматтық іс бойынша заң көмегін көрсетуін сұраған. "Ауызша келісіммен, 1500 сомониге (шамамен 150 доллар) қажетті құжаттарды жинап, алғашқы сот инстанциясында адвокат ретінде қатысуға, ал 5000 сомониге сот шешімі шыққанша көмек беруге келістім", - деді адвокат.

17 сәуірде Саидмурод Саидов адвокаттың Душанбедегі кеңсесіне заң көмегін көрсету туралы келісім жасау үшін келген. Ол 500 доллар әкелген. "Мен одан долларды кеңсе маңындағы банктен айырбастауын сұрадым. Келісімнің алғашқы бөлімін алған Саидов кеңседен асығыс шығып кетті. Сол кезде шамамен 20-25 адам баса-көктеп кіріп келді", - деді адвокат.

Абдулазиз Абдурахмонзоданың айтуынша қаржы полициясының қызметкерлері оның тісін сындырып, аяусыз ұрған. Одан соң олар адвокатты 500 долларды Варзоб аудандық сотының қызметкері Шахзод Нурализодаға беру үшін алдым деп айтқызған. Дегенмен қаржы полициясының бұл операциясы сәтсіз аяқталды. Нурализода ешкімнен ақша сұрамағанын айтып, кеңседен шығып кеткен.

Мамыр айының соңында адвокат Абдурахмонзодаға "алаяқтық" бабы бойынша айып тағылды. Сотта оны 15 адвокат қорғайды. Адвокаттар тобын Тәжікстан адвокаттары одағының төрағасы Саидбек Нуриддинов басқарады.

Қаржы полициясы бұл іске қатысты түсінік беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG