Ссылки доступа

Атамбаев жақтастары қырғыз президентінен "заңсыздық пен қудалауды доғаруын" талап етті


Қырғызстандағы Аламудун ауданының Кой-Таш және Арашан ауылдарының тұрғындары президент Сооронбай Жээнбековке хат жазды. Онда "арын жоғары қойған ауылдастары Атамбаевты қолдап, заңсыздыққа жол бермеу үшін оның үйіне барды" делінген.

"7 тамызда оның үйіндегі біздің жігіттерге арнайы жасақ ескертусіз шабуылдады. Белгісіз адамдар Атамбаев үйінің ауласынан секіріп өтіп, ауладағыларды ұра бастады, оларға резіңке оқ атты. Қарудың мұндай түрі де адам денсаулығына аса қауіпті. Әйелдер мен қарттарды да сабады. Заңда азаматтар қорғануға құқығы бар екені айтылған, бұған арнайы қызметтің заңсыз әрекетінен қорғану да жатады. Біз осы заңға жүгіндік" делінген үндеуде.

Кой-Таш және Арашан ауылдары тұрғындарының хабарлауынша, билік "қазір оларға қылмыстық іс қозғап, қорқытып-үркітіп, қудалап жатыр". Тұрғындар "қудалауды доғаруды", "күш қолдануға бұйрық бергендерді қызметтен алуды" талап етті.

Еске салайық, 7-8 тамызда Кой-Таш ауылында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты күшпен ұстау операция өтті. Сол кезде ондаған адам жараланды, арнайы қызметтің алты сарбазы кепілге алынды, ҰҚМК арнайы жасағының қызметкері Усенбек Ниязбеков оқтан қаза тапты. Ішкі істер департаментінің басшысы Самат Курманкулов жарақаттан комаға түсті. Ол Мәскеудегі клиникаға ауыстырылған.

Атамбаевтың өзі қазір ҰҚМК тергеу абақтысында отыр. Оған 14 түрлі қылмыс бойынша айып тағылған.

XS
SM
MD
LG