Әкіммен кездесу 16 тамызда әкімшілік ғимаратының жиналыс залында өткен.
Тұрғындар балалар ауласы мен автотұраққа арналған жердің жеке кәсіпкер меншігіне өтіп кетуіне наразылықтарын білдірген.
Жиналған халық талаптары орындалмаған жағдайда президент порталына арызданатынын, балаларымен бірге митингке шығатынын ескерткен. Сол кезде Артыкхожаевтың даусы өзгеріп шыға келген. "Сендер сонда арызданыңдар, олар оны бізге қайта жібереді. Мен сот шешімінің күшін жоя алмаймын, бұған қақым жоқ", - деген әкім халыққа сотқа шағымдануға кеңес берген.
"Біздің прокуратураға жібересіңдер, олар сотқа бар дейді, судья қайтадан сіздерге жібереді. Халықты неге әуре-сарсаңға салып отырсыңдар?" - деді наразы топ.
Осы кезде Ташкент әкімі Жахонгир Артыкхожаев жиналған халыққа айқайлай бастайды. "Мені сотқа беріңдер! Қайда барсаңдар, онда барыңдар! Президентке шағымданыңдар, қаласаңдар - Құдайға да барыңдар! Керек десеңдер, шағымдарыңды Брюссельге өткізіңдер! Керек болса, пикет өткізіңдер!" - деп айқайлаған Артыкхожаев.
Аудиотаспада ашуланған әкімнің пластик бөтелкедегі суды үстелге бірнеше мәрте ұрғаны естілді. Бөтелкеден су ақтарылған уақытта, әкім залдан видеооператорларды қуып шыққан. Аудиотаспада тұрғындар әкімді сабырға шақырған, бірақ шенеунік айқайлауын доғармаған.
Сол кезде жиналғандар әкімнен митинг өткізуге рұқсат сұраған. Үстелді қолымен ұрған Артыкхожаев кездесуге келген ер азаматтарға: "Сендер еркексіңдер ме? Сендерде намыс бар ма? Неден қорқасыңдар, түрмеге түсуден ба?" - деп айқайлаған.
"Ер азамат сөйлеп тұрғанда, мұсылман әйел үнсіз үйде отыруы керек", - деген әкім залдағы әйелдерге.
Жиналғандардың айтуынша, тұрғындар шенеуніктермен келісімге келе алмаған. Қала басшылығы олардан ғимараттан шығуын сұраған.
Ташкент әкімі Жахонгир Артыкхожаев - өзбек экономикасының пайдалы салаларын бақылайтын шамамен 100 кәсіпорынның қожайыны.