Ссылки доступа

Қорықшы Нұрғалиевтің өліміне қатысты сот басталды


27 тамызда Қарағандыда облыстық ауданаралық қылмыстық істер соты қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты істі қарай бастады. Жауапқа тартылып жатқандар – Қызылорда облысының жеті тұрғыны.

32-53 жас арасындағы күдіктілер «жоғалу қаупі төнген жануарларды заңсыз атты» деп айыпталған. Үшеуі «жасаған қылмыстарын жасыру үшін Нұрғалиевті өлтірді және тағы бір қорықшы Петр Ницыкты өлтірмек болды» деген айып қоса тағылған.

Кісі өлтірді деп айыпталған үшеу қамауда отыр. Ал қалған төртеуі кепілмен босатылған. Жеті күдікті бұрын сотталмаған. Күдіктілер тергеу кезінде өздеріне тағылған айыптарды мойындамады. «17 киікті атты» деген айыпты да жоққа шығарады. Олар қасқырға аңшылық құрғандарын айтады.

Бұл істе Ерлан Нұрғалиевтің ағасы Нұрлан Нұрғалиев пен 53 жастағы қорықшы Петр Ницык – жәбірленуші. Олар сотта моральдық шығын туралы айтпады, бірақ алда бұл жайтқа оралатындарын жеткізді. Жәбірленушілер Азаттық тілшісіне айыпталушыларға ең қатаң жаза талап ететіндерін айтты.

Нұрлан Нұрғалиевтің пайымдауынша, «заңсыз аңшылық» айыбымен сотталған төрт айыпталушыны «адам өлтіруге септесті» деп жауапқа тарту керек.

Алғашқы сот отырысына айыпталушылардың және қорықшының туыстары келді. Залда орын болмай, судья Бекзат Шалғымбаев біраз адамды сыртқа шығарды. Сот қазақ тілінде өтіп жатыр. Отырысқа аудармашы да келген.

Биыл 13 қаңтарда қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан мерт болған. Toyota Land Cruiser көлігіндегі браконьерлер екі қорықшы Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, көліктен түскен "шымыр денелі қарулы" адамдар инспекторларды ұрып, із жасырған. Қатты жараланған екі инспекторды кейін өзге әріптестері тауып алған. Ерлан Нұрғалиевті 14 қаңтарда туыстары Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.Ницык жарақаттанып, ауруханаға жатып шыққан.

Қорықшының өлімі Қазақстанда шу туғызды. Айыптау актісіне сай, браконьерлер 17 киікті атқан. Оның шығыны – 45 миллион теңге.

Биыл шілдеде "Охотзоопромның" тағы бір инспекторы 43 жастағы Қаныш Нұртазинов браконьерлер қолынан қаза тапты. Оның серігі Самат Оспановқа Джерзинск қаласындағы ауруханада операция жасалды.

XS
SM
MD
LG