Ссылки доступа

Қазақстанда наразылық акцияларына қатысушыларды ұстау жалғасып жатыр

Қазақстан қалаларында билік рұқсат етпеген митингтерге қатысушыларды, атап айтқанда Қытай экспансиясына қарсы наразылық шараларына қатысқандарды ұстау жалғасып жатыр.

«Азаматтық бастамашылар коалициясының» мәліметінше, соңғы төрт күн ішінде Алматы, Нұр-сұлтан, Ақтау, Шымкент және Ақтөбе қаласынан "Митинг өткізу және ұйымдастыру тәртібі жөніндегі" заңды бұзды деген айыппен 30 адам 15 тәулікке қамалды.

19 қыркүйек кешкісін Алматы әкімшілік соты жергілікті тұрғын Қанат Жақыповты бес тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Оның адвокаты Қанат Байсбаев ақпаратты растады. Жақыповтың өзі 4 қыркүйекте әкімдік ғимараты алдында бірлескен Қытай жобаларын жүзеге асыруға қатысты митингке қатыспағанын, тек 14 қырқүйекте Жібек жолы көшесінің бойында "Барлық билік халыққа тиесілі" деген плакатты екі сағат бойы ұстап тұрғаны үшін кінәлі деп саналғанын айтады.

Оны 18 қыркүйекте Алматы облысы Кеген ауданынан балық аулап қайтып бара жатқан жерінен ұсталған.

Осы аптаның басынан бері Қазақстан қалаларында бірнеше адам рұқсат етілмеген акцияларға қатысты деген айыппен ұсталып, оларға айыппұл салынған. Тағы бірнеше адамды полициямен "сөйлесуге" шақырған.

Qaharman құқық қорғаушылар тобы белсенділерді жаппай ұстауын елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық қозғалысы" ұйымының жетекшісі, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың халықты 21 қыркүйекте митингке шығуға шақырып жатқанымен байланыстырады.

Қазақстандағы митнг, акция өткізуге қатысты заңдарға сәйкес, ұйымдастырушылар көшеге шығып, пікірлерін жеткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы керек. Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар аталған заңдар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді деп Қазақстанды сынап келеді.

XS
SM
MD
LG