Ссылки доступа

Өзбек журналисі Махмуд Раджабты түнде соттап, он тәулікке қамады

Хорезм журналисі Махмуд Раджаб пен оның туыстары Ташкентке Өзбекстан ІІМ басшысымен кездесуге жаяу аттанған. Журналистің ісі сотта 23 қыркүйекте кешкі сағат 10-да басталып, 24 қыркүйекте таңғы сағат 4-те аяқталды. Бұл туралы Озодлик радиосына Раджабтың туыстары хабарлады.

– 23 қыркүйекте, кешкі сағат 10-да барлығын автобусқа отырғызып, сот ғимаратына алып келді. Біз таңертеңге дейін соттың аяқталуын көшеде күттік. Таңғы сағат төртте астанаға жаяу аттанғандардың барлығы соттан шықты, - деді журналистің бір туысы.

Махмуд Раджаб пен жергілікті блогер Нафосат (Шабнам) Оллашукуровті сот он тәулікке қамады. Акцияға қатысқан үшеуге үш ең төменгі айлық (669 мың сум немесе 70 доллар) көлемінде, ал жеті әйелге – бір төменгі айлық (223 мың сум немесе 23 доллар) көлемінде айыппұл салынды.

Еске салайық, 22 қыркүйекте журналист Махмуд Раджаб пен оның жиырма шақты туысы Хорезмнен Ташкентке жаяу аттанған. Олар астанада ІІМ басшысы Пулат Бабаджановпен кездесіп, "Хорезм облысындағы бассыздық туралы айтқысы келген".

Дегенмен олар жаяу 50 шақырым ғана жүріп өтті. Милиция оларды ұстап, автобусқа отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен. Хорезм облыстық ішкі істер басқармасы кейін Раджаб пен оның туыстары ұсталғанын растады.

Өткен аптаның соңында Хорезм милициясы Махмуд Раджабты ұстауға талпынған. Бірақ оған журналистің туыстары мен көршілері араша түсіп, ұстауға жол бермеген.

Биыл сәуір айының соңында Махмуд Раджабқа қарсы "контрабанда" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол Стамбулдан Ташкентке оппозициядағы саясаткер Мұхаммад Салихтың бірнеше кітабын алып келген.

Журналист кінәсі дәлелденген жағдайда, ол 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG