Ссылки доступа

Тәжік-қырғыз шекарасында жаңа көпір ашылды


Тәжікстанның Овчи Калача елді-мекені мен Қырғызстанның Лейлек ауданын жалғайтын жаңа көпір салынды. Шекарадағы бұрынғы көпірді екі жыл бұрын бұзып тастаған еді.

Екі апта бұрын шекарадағы бұл аймақта екі елдің тұрғындары жанжалдасып қалған еді. Атыс кезінде төрт шекарашы қаза тапты. Тараптар жанжал шығарды деп бір-бірін айыптады. 16 қыркүйектегі бұл жанжал қалай тергеліп жатқаны әзірге белгісіз.

Шекара тұрғындары жаңадан ашылған көпірді "Дусти" (Достық) деп атады.

Қырғызстанның Баткен облысы басшысы ​Акрам Мадумаров ашылу салтанатында шекарада тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау маңызды екенін айтты. Соғды облысының басшысы Раджаббой Ахмадзода да оның сөзін қолдады.

2017 жылы осы маңдағы көпірді бұзып тастаған соң, екі ел тұрғындарының өзара қатынауы күрт қиындаған. Жаңа көпірге екі ел де қаржы құйған. Көпір 14 мың долларға салынған.

Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының ұзындығы 976 шақырым, бірақ соның 470 шақырымының мәртебесі анықталмаған. Сол себепті шекара тұрғындары үнемі қақтығысып қалады.

XS
SM
MD
LG