Арнайы қызмет осының алдында Азаттықтың қырғыз қызметінің екі журналисін де куәлік беруге шақырған. Бірақ екеуі де қазіргі уақытта Азаттықтың бас пәтері Прага қаласында жұмыс істеп жатқандықтан, скайп арқылы сұрақтарға жауап беруге келіскен.
Биыл мамыр айында Азаттықтың қырғыз қызметі жүргізген журналистік зерттеудің бірінші бөлімінде ұлты ұйғыр қытайлық кәсіпкер Айеркен Саймаити Қырғызстаннан заңсыз 700 млн доллар шығарылғанын айтып берген. Көп өтпей кәсіпкер аяқ астынан кісі қолынан қаза табады.
21 қарашада жарияланған журналистік зерттеудің екінші бөлімінде кәсіпкер Айеркен Саймаитидің сөзімен қомақты қаражаттың Қырғызстаннан шығарылуына кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың тікелей қатысы бар екені айтылған.
Қырғызстанның қаржы полициясы шығарылған ақшаның жалпы көлемі 932 миллион 736 мың доллар деген.
Райымбек Матраимовтың өзі бұл айыптаулардың бәрін теріске шығарып, елге келіп, сұрақтарға жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
29 қарашада Матраимов ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан тергеуге шақырылған. Оның арнайы қызмет ғимаратына кіріп бара жатқан суреті де жарияланды. Ол бес сағат бойында тергелген. Бірақ журналистер сұрағына жауап беруден бас тартқан.